Заговоренный меч (на каз.яз.)
Заговоренный меч (на каз.яз.) читать книгу онлайн
Внимание! Книга может содержать контент только для совершеннолетних. Для несовершеннолетних чтение данного контента СТРОГО ЗАПРЕЩЕНО! Если в книге присутствует наличие пропаганды ЛГБТ и другого, запрещенного контента - просьба написать на почту [email protected] для удаления материала
Осы көпке беймәлім, жұмбақ атырапта Жетіқоңыр құмы мен Сарысудың ортасынан өтетін қоба жол бар. Қоба жолды көк қияқ басып жатады. Адам тек салт атпен ғана бара алады.
Жәнібек хан осы Нұраның Қаратұзына әдейі арнап керуен жүргізді. Жазтоқсан болмай, басына елу үй тіккізіп, құмнан құдық қаздырып көнекпен су тартқызды. Сай бойына желі кердіріп, бие байлатты. Келетін қонақтарға деп әдейі қысырақтардың үйірін айдатты. Өзі әдік, Қамбар, Қасым, Бұрындықты ертіп, алдын ала келіп хан шатырын тіктіртті. Көп ұзамай адам түгел аң білмейтін жолдарды тауып, құла дүзге көшіп үйренген ру басшылары — билері, батырлары Нұраның Қаратұзының жан-жағынан ағыла бастады. Үйсіннен — Әбілқайыр Үргенішке кетер алдында бөлінген Қылышбай, Қара Оспан батырлар, Жалайырдан — Бөрібай батыр, Дулаттан — Бахтияр би, Арғыннан — бір топ батырларын ерткен Арғын би мен Қотан жырау, Қыпшақтан — Қара Қыпшақ Қобыланды мен Қазтуған жырау, Найманнан — Қаптағай батыр мен Тұңғашық батыр, Хақұлы би, Керейден — Қарақожа батыр, Қоңыраттан — Бағалы қожа мен Орыс батыр, Алшыннан — Темір бидің өзі мен Шалкиіз, Уақ пен Тарақтыдан Жаубасар, Асылкерей батырлар мен Борық би келді. Бұлардың әрқайсысы ру басы, Қаптағайдан басқасы мыңды айдаған шонжарлар. Әр ру басының қасында, өзінің қарамағындағы кіші тарамдарының ондаған би, батырлары бар. Үйсін Қылышбай, Қара Оспан батырлардың жанында Албан, Суаннан шыққан бірнеше заржақ ділмар, шешен, көсемдер келген.
әр халықтың тарихында сан түрлі кезеңі болады: өсу, өркендеу, күйікке ұшырау, күйреу… Осының бәрін басынан өткізген, заманының жақсылығын да, жамандығын да көрген, келешегі үшін жан аямай күресе білген, ауыр күндерін, басына төнген қауіп-қатерді жеңе білген халықтар ғана тарихта қалады. Өзінен күшті шығып, Майя, Қошан секілді елдер құрып кетуге мәжбүр болса да, ондай елдер адамзаттың мәдени өркендеуіне үлесін қосып кетеді.
Он бесінші ғасыр қазақ рулары үшін ең ауыр ғасырлардың бірі еді. Осы ғасырда өзара қырылысып, сырт жауын кейде жеңіп, кейде жеңіліп, тайталас түсіп жүрген қазақ рулары ел болып бастарын қосу үшін күресуге бел буды. Бірақ үйірлі құландардай шексіз даласында ру-ру боп көшіп жүрген елдің басы оңай қосылмады. Бұл жеңіс ұлы айқастар арқылы келді. Қазақ руларының басын біріктіріп, қазақ хандығын құруда, мейлі күрес бақталастықтан-ақ басталсын, қайткен күнде де, Жәнібек пен Керейдің алатын орны ерекше. Әрине, халық өзі қаламаса екі адамның қолынан не келеді? Тегі ел болудың негізі халықтың көкейкесті арманында жатыр. Бұл кезең халық рухының лаулаған кезеңі.
әліпті таяқ деп білмейтін асау елдің кенет ұлттық, жауынгерлік тілегінің бұлай өрби түскенін сезген кейбір ру бастықтары жұртты өз дегендеріне тарта алмай қалды. Бұрынғыдай халықты бөліп ұстауға шамалары жетпеді, енді көпшілік ерген Жәнібек ханның соңынан еруге мәжбүр болды. Тек Темір би ғана бүлік шығара жаздады.
Бірнеше жыл кейін Тіленші ұлы Шалкиіз жырау:
Алп-алп басқан, алп басқан.
Арабы торым өзіңсің.
Жазылы, алтын, қол кескен.
Алдаспаным өзіңсің!
Сен алтынсың — мен пұлмын, Сен сұлтансың — мен құлмын, —
деп мадақтаған Темір би бұл. Еділ — Жайықты бауыр басып алған, Алшын руларының көбі бағынған, Астраханьды билеген Қасым сұлтанның оң қолы — эмир-эль-умра яғни әскери басы болған би бұл. Жәнібек секілді адуынды хан- ға біржолата мойын ұсынса, Алшын жерінде өз үстемдігінің төмендеп кететінін ол бірден ұққан. Көп қаздың арасында мәз болғанша, көп қарғаның арасында қаз болған дұрыс деп тауып, Кіші жүз болып қалыптасып келе жатқан Алшынның өркөкірек руларын жеке билегісі келді. Астраханьды өзіне қаратып тұрған Қасым сұлтан Еділ — Жайыққа шын әмірші емес. Шын әмірші қазақтан шыққан, Едіге батырдың шөбересі, Ноғайлы хандығы кезінен би дәрежесінде келе жатқан шынжыр балақ, шұбар төс Темір. Дәл қазір шығысы мен батысындағы елдің өз билігіне қол сұғады деп сескенетін дымы жоқ. Әбілқайыр алыста. Қасым сұлтан тек Астрахань маңын ғана қамтиды. Орыс князьдары болса өздері әлі әбден біріге алмай жатыр… Ал шынтуайтқа келсек Темір бидің ойы Жәнібекке бағыну емес, Түрік патшалығына иек тіреу… Алыстағы ел, ол сенің ішкі жұмысыңда ісі болмайды, қай румен жақсысың, қай румен жамансың, қарамағыңдағы елді қалай билеп-төстеп жатырсың, бұның бәріне де қол сұқпайды, сырттай бағынғаныңмен қанағаттанады, ал өзің айтқаныңды еліңе қалай істетіп жатырсың — онда шаруасы жоқ. Жәнібекке бағынсаң бұл еркіншіліктен бірден айрыласың. Ол ішкі ісіңе өзіңмен бірдей қатысады. Жоқ, діні бір, тілі бір, нәсілі бір ханға бағыну — халқыңның тіршілігі көңілін селт еткізбейтін басқа халықтың патшасына бағынудан әлдеқайда қорқынышты. Осындай ойдағы Темір Россия мен Түркияның бір шайқасуын күтіп іштей алысуда еді. Түрік патшалығының күшінің кеми бастағанын есепке жатқызбаған. Түбі ол осы ойынан шықпақ. Еділ — Жайыққа әбден әмірші болып алғаннан кейін, Қырымды шауып, Мәскеу князьдарын алдай тұрып, Түркияға иек тіремек. Осыдан барып Темір шу дегеннен-ақ Жәнібектен іргесін аулақ сала бастаған. Жәнібекке қосылғысы келмеген кей ру бастықтары өзара қыңқылдаса, бұл ойын ішіне сақтап қала алмаған.
Темірдің бұлай еркінси қимылдауының да төркіні белгілі еді.
әке жағынан аты шулы Едігенің шөбересі. Атасының айбынынан қорықпайтын қазақ жоқ. Нағыз аш қасқыр. Өзі де осал емес. Қазан хандарынан қыз алып, қыз берген. Осы биыл ғана он бес жасар кенже қызы Нұр-Сұлтанды Қазан ханы Ибрагимге ұзатқан. Сүйенерлері де бар. Өзі де өзгеге сүйеніш бола алатын жау жүрек батыр. Бауыр басып қалған Еділ мен Ақ Жайық бойын ешкімге ортақ еткізгісі келер емес. Жиналған би, батырлардың көпшілігі бірігіп бір ханға бағынайық деп отырғанда, бұл өзгеше кетті. Алайда Темір би де ноқта үзіп, айдалаға лаққан жоқ. Тек қосылғысы келмегенін астарлап білдірді.
— Ел болып бірігіп, әскер жинап, Әбілқайырдан ата мекен Түркістан жерін қайтып аламыз дегендерің құба-құп, табылған ақыл. Оған Еділ, Жайық, Хиуас теңіз бойындағы Алшынға жататын бар ру қол қояды. Сұраған уақыттарында бес түмен қол беруге бар. Бірақ Сығанақтағы ханға біздің бағынуымыздың жобасы келер ме екен? Жер арасы шалғай…
Өзгелерден жасы үлкен Үйсін Қара Оспан кеңк-кеңк күлді.
— Темір бидің аты жеткен жерге, Жәнібек ханның аты жете алмайды деп қорқасың ба?
Бұнысы осы араға сенің атың жетіп келгенде, сенің жеріңе Жәнібектің де аты жетеді дегені еді.
Сөз астарын түсінген қызба мінезділеу Темір би сөз таластырғысы келіп кетіп, ежелгі дәстүр бойынша, айыр тісті, алтын сыммен оралған тобылғы сапты қамшысын алдына тастай салды.
— Ат тұяғы басқан жердің бәрі бірдей шөптей жапырылып жата қалмайды, — деді ол қара сұр беті күреңденіп, — Әбілқайыр ханның да мүйізі шаңырақтай кей батырлары Еділдің ар жағына өткен. Бірақ одан не ұтты? Мойындары ырғайдай, биттері торғайдай боп елдеріне әзер жеткен.
Қамшысын енді Қара Оспан алдына тастады.
— Атыңның жүйріктігіне тым сене берме. Талай жүйріктердің де мойнына бұғау салынған. Байқа, Темір би, Жәнібек ханның құрығы Әбілқайырдікінен ұзын болып жүрмесін! Әбілқайыр Дәшті Қыпшақты билегенмен, Еділ өзені бойындағы Алшынның көптеген ауылдарына өктемдігін еркін жүргізе алмаған. Жау жүрек бұл рулар бағындық деп кейде уәде бергенмен де, нақтылы дізе бүге қоймаған. Бұған ызаланған Әбілқайыр Дәшті Қыпшақтың осы рулар жайлап жатқан шетіне сан рет қол шығарған. Соның бірі осыдан он жыл бұрын жіберген он мың әскері еді. Бұ жолғы жауынгерлерді осы Қара Оспан батыр басқарып барған.
Ол күндерде Қазының баласы, Темірдің әкесі Теңізбай би тірі болатын. Атасы Едігедей, әкесі Қазыдай ел шулатқан ер болмағанмен, жатып атар қулығы, жаудан қашып құтылар ақылы бар кісі еді.
Көк Орда ханынан әскер шығыпты дегенді естігеннен-ақ, ел билігі ауып бара жатқан баласы Темірге ақыл айтқан. «Әбілқайырдың қалың әскерін соғыспен жеңе алмайсың, оны айламен алу керек. Және өшіктірмес үшін қарсы ниет көрсетпеген жөн» деген. Темір аталы сөзге тоқтаған. Осы сөзден кейін бүкіл Алшын жағы Қара теңіз жағасы Қырымға қарай көшкен. Темір бес мың атты әскермен, қаптаған қоспен жұртында қалған. Ұзақ жер жүріп, аттың арқасын алдырып келген Қара Оспан Еділдің ар жағында тұрып, Әбілқайырға бағынбай жүрген елді көрген. Ат жалдап, сал салып бір түнде бергі жағаға өткен. Бірақ бос жатқан жұртқа кездескен. Бұлар арғы бетке шыққандарында Алшын, Жағалбайлы ауылдарының бергі бетке өтіп кеткенін білген. Ызаланған Қара Оспан ат сауырын құрғатпай қайтадан Еділге салған. Бірақ бұлар бергі бетке шыққандарында көшкен ел Жайыққа қарай бет алғанын аңғарды. Жайықтан өтіп қашқындардың соңына тағы түсті. Тек осы арада ғана Қара Оспан батыр алдарында ел емес, әскер екенін білді. Өзінің алданғанын ұққан Әбілқайыр қолы енді бұрынғысынан да қызулана қуды. Бірақ Темір әскері жеткізбеді, ақырында олар Нарын құмына қарай бұрылды. Сонда ғана Қара Оспан бұл қуғаннан дым шықпайтынын түсінді. Амал жоқ кейін қайтуға мәжбүр болды. Жолдағы кедей ауылдардан азын-аулақ жәрдем алып, азып-тозып өз жерлеріне жетті.
