Заговоренный меч (на каз.яз.)
Заговоренный меч (на каз.яз.) читать книгу онлайн
Внимание! Книга может содержать контент только для совершеннолетних. Для несовершеннолетних чтение данного контента СТРОГО ЗАПРЕЩЕНО! Если в книге присутствует наличие пропаганды ЛГБТ и другого, запрещенного контента - просьба написать на почту [email protected] для удаления материала
Түркістан Әбілқайырға да, Ақсақ Темір әмірлеріне де керек. Ал бастары жаңа қосылып келе жатқан қазақ руларына Түркістан уәлиетіне жататын Сырдария жағасындағы кенттердің маңызы ерекше зор болатын.
Бұл ерекшелік ең алдымен Сырдария шаһарларының шаруашылық жағдайымен байланысты себептерден туған.
Дәшті Қыпшақтың көшпелі еліне қаланың өнеркәсіп заттары, отырықшы жұрттың егісінен өнетін азық-түлігі қандай қажет болса, отырықшы елдер де көшпелі жұрттың өсіріп отырған малының еті, жүні, терісіне сондай мұқтаж еді. Ал Сырдария шаһарлары Орта Азия мен Дәшті Қыпшақтың ортасындағы сауда-саттық бекеті ғана болып қалмады. Өздері де сол Дәшті Қыпшақ ауылдарына керек өнеркәсіп заттарын молынан өндіріп, екі жақтың сауда-саттық ісіне қызу араласты. Мұндай жағдай бұл шаһарлардың қаулап өркендеулеріне себеп болды. Әрине, бұл қалаларды қолына түсіру — Дәшті Қыпшақ хандарының да, Мауреннахр әмірлерінің де көкейтесті арманы екені даусыз еді. Қазақ хандарының Сырдария шаһарларына телміре қарауының екінші себебі қарамағындағы мал шаруашылығымен шұғылданатын елді жайылыммен қамтамасыз етуден туған. Қары аз, қысы жылы Сырдария жағасы көшпелі ауылдарға қысқы жағдайда таптырмайтын қоныс. Күннен күнге мал басы өсіп, өркендеп келе жатқан көшпелі жұртқа Шу, Сарысу, Талас өзендерінің бойы енді жеткіліксіз бола бастаған. Амал жоқ, қазақ еліне тағы жаңа қысқы қоныс іздеуге тура келді. Ал бұл жағынан құйқалы Сырдария қойнауларынан артық жер табу қиын-ды. Жаз малын Арқада бағып, қыс осы Сыр бойын жайлауды қазақ рулары көксей бастады. Осы арманы орындалса, бүкіл Дәшті Қыпшақ халқының алдында абыройы көтеріле түсетінін Жәнібек хан өте жақсы түсінді.
Үшінші жағынан бұл қалалар әскери бекініс ретінде де аса керекті еді. Моғолстан хандары Шу, Сарысу, Талас бойларын Мауреннахр әмірлерінен сақтайтын қалқан көрсе, Мауреннахр әмірлері Түркістан уәлиетін Мауреннахрды Дәшті Қыпшақтан қорғайтын бекініс санады. Ал Әбілқайыр осы Түркістан шаһарларына сүйене отырып, бүкіл Дәшті Қыпшақты уысымда ұстасам деді.
Әбілқайыр арманы да, Дәшті Қыпшақ елдерінің көкейкесті тілегі де осы Сыр бойына келіп түйісті. Ал Жәнібек хан ұшы-қиыр шеті жоқ Дәшті Қыпшақ жерін ұстап тұру үшін мықты бекініс осы Сырдария шаһарлары екенін өзгеден анағұрлым терең ұқты.
Сондықтан да оның қырағы көзі күндіз-түні Түркістан жағына тігулі. Ал Жәнібек ханның жатса да, тұрса да ойлайтыны, әсіресе, Дәшті Қыпшақ жеріне ең жақын тұрған, кешегі бабаларының, Ақ Орданың кіндігі — Сығанақ пен оған таяу Дәшті Қыпшақтың көне шаһарлары Сауран, Созақ, Яссы, Сайрам…
Бұл қалалар өздерінің ұзақ өмірлерінде не көрмеді? Түркістан өлкесін қандай хан билемесін, тек одан өз пайдасын көздеді. Жан-жағы егіндікке бай, Түркістан шаһарларының михнатын диқаны тартса, қызығына бірінен соң бірі басқарған хакімдері батты. Еңбекші бұқараларға салынған алым-салық, қаржы-қаражат тек қаланы билеген бекзадалардың ғана дәулетін молайтты. Бай-манаптың үстемдігін асырды, қайда барса да тек кедейлер ғана сорлады. Қала-мединелерді басқарып отырған хакім, даруғалар мемлекетке деген көзқарастарын өздерінің жеке мүддесіне қарай белгіледі. Сол себептен де бұл шаһарларды билеген мықтылар ойына келгенін істеді, қарамағындағы елді өзінің меншікті мүлкі санады. Мединелерді билеген бекзадалардың асқандығы соншалық, қалаға таласып жатқан екі жақтың қайсысының қарамағына көшкісі келсе, соған өз еркімен көше берді. Егер қала мықтылары өз бастарына пайдалы көрсе, кешегі жауына бүгін өзі апарып қала қақпасының кілтін ұстатты. Осындай жағдайларды ойлаған Түркістанды жаулап алған хандар, әрқашан да бұл шаһарларға хакім етіп өздерінің сенімді жақындарын ғана қоюға тырысты. Бұл әдетті Әбілқайыр хан да қатты қолданды. Түркістан уәлиетін өзіне қаратқаннан кейін, осы уәлиетті жаулап алуда көп қаһар көрсеткені үшін, Сығанақтың хакімі етіп Манедан-оғланды, Үзкентке — Маңғыт руының биі Оқасты белгілеп, Созақ бекінісін немере ағасы Хызырханның баласы Бахтияр сұлтанға тартты. Яссы, Сауран, Сайрамдарды да осылар тәрізді Әбілқайырға өте сенімді не болмаса хан тұқымынан шыққан сұлтандар билеуде еді.
Ал бұл хакімдердің Жәнібек жағына шығуы үшін жалғыз-ақ жол бар. Ол жол: Жәнібек Әбілқайырдан күшті болуы керек. Күшті болудың жолы биіктігі қырық құлаш, қаланы қоршаған қорғандарды алу ғана емес. Тастай түйінген бұл шаһарларға шабуыл жасап, орынсыз қырылудан гөрі, алдыменен Дәшті Қыпшақтағы рулардың басын біріктіріп, мықты әскер құра білу шарт. Егер халықты өзіне бағындыра алса, мықты қол жинау да қиынға түспейді. Ал, азғантай ғана шұрайлы жайылым үшін бірінің малын бірі барымталап, жігіттерін сойылға жығуға дейін баратын қазақ руларын өзіңе бағындыру оңайға түскен бе! әрқайсысы өзін-өзі дөй санайтын, өзім дегенде өгіз қара күші бар әр рудың би, батырларын бір ханға бағындыру оңай болып па? Тағы бір қиындығы Әбілқайырмен айырылысар кезде намысқа шауып, бір жұдырықтай жұмыла қалған қазақтың басты рулары тынысы кеңіген сайын, жұмылған жұдырығы жазылып, біріктік деп тартқан айылы босай түскен. Өзінің ежелгі дәстүріне салып, малының әуеніне қарай бытырай көше бастаған. Жәнібектің де ең қорыққаны халықтың жібі босап кететін осы кез еді. Әбілқайыр ханның да күткені осы. Бытыраған руларды біртіндеп жаулап алып, Түркістан қалаларын да босағасын берік ұстап, бүкіл Дәшті Қыпшақты қайтадан өзіне бағындырады. Ал Жәнібек Арғын, Қыпшақ қос шоқпарын қолына мықтап ұстап, жаңа ұйып келе жатқан ел бірлігіне іріткі салдырмайды. Көнгісі келген руларды ақылмен көндіреді, ал көнгісі келмегендерін қан-жоса етіп күшпен дегеніне бақыл еткізеді. Осылай шешкен Жәнібек аулы Қара Кеңгір жағасына келіп жайлауға қонған шақта, Тауық жылы, екінші айдың орта шенінде Арғынның ақсақалы Қотан тайшы мен Қыпшақтың әрі биі, әрі батыры, әрі сөзуар желауызды шешен-ақыны қарға бойлы Қазтуғанды кеңеске шақырды. Бұл кезде Арғын руының көсемі Арғын би еді. Ал Қыпшақтың билігі әлі тұғырынан түсе қоймаған Қара Қыпшақ Қобыланды батырда болатын. Қазақтың ең көп және батыр руларының көсемдерін шақырмай, ханның жырауларды шақыруында да көп мән бар. Жәнібек ел билеген жақсыдан, ел аралаған ақын сыншы екенін білетін. Ақын ел құлағы, ел көзі, ел жүрегі. Жұртының тамырының қалай соғатынын және оның көңіл күйін, мұң-мұқтажын бұлардан артық айтып беретін тірі пенде жоқ. Сан ақын-жыраулар халқының ауыр халін хандарына жыр етіп беремін деп, қуғынға ұшыраған, құрбан да болған.
Жәнібек Қотан мен қарға бойлы Қазтуғанды шақырғанда халқының көңілінің қандай күйде екенін білгісі келген-ді. Қос жырау бір күні жетті. Өздеріне арналып тігілген қос ақ боз үйге атқосшы жігіттерімен жайғасып жатқандарында: «Асан ата, кәдімгі ел құлағы, ел көзі Асан Қайғы келе жатыр» деген хабар дүңк ете қалды. Сөйткенше болған жоқ «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы бидің» алтыншы ұрпағы, ел кезген Асан ата ауыл сыртына кеп, Ақсирақ жүрдегінің үстінен түсті. Бұл шақ күн батып бара жатқан мезгіл еді. Хан аулы маңында мал болмағанмен, төменгі елдің қайтқан қойының маңырағаны, құрақтағы жылқысының кісінегені, аусыл аруаналардың боздағаны, зеңгі баба шаңырақ мүйіз сиырлардың мөңірегені алыстан естіліп жатты. Кәрі төбеттің балпылдай үрген дүңкілдек даусы, әлдекімнің «Қозыжан, Қозыжан!» деп баласын еркелете шақырған айқайы шығады. Күндізгі аңызақ жел де тоқтап, кешкі таманғы тына қалған таза ауада малы өрістен қайтып абыр-сабыр болған, төменде жат- қан төлеңгіт ауылдарының у-шуы хан Ордасына анық естіліп тұрады. Қара Кеңгірдің көк балауса жасыл шалғынды арғы жағасында, сонау ойпаттағы қа- мысты көлге дейін быжынаған ел көрінеді. Сүт пісіруге, ас қамдауға кіріскен қатындардың жаққан оттарының көгілдір түтіні ауыл үстінен көкке көлбей ұшып барады. Қамысты көлден белеске қарай көтерілген көп жылқы күңгірттене бұлдырап көзге түседі. Бергі ауылдың қырқа жағындағы жазықта, қолында құрығы бар, ақ боз жүйрік мінген жігіт, асау қуып келеді.
Хан Ордасында қарт Қотан мен қарға бойлы Қазтуғанның келіп сәлем беруін күтіп отырған Жәнібек, «Асан Қайғы келіп ауыл сыртында түсіп жатыр» деген хабарды естісімен, бүкіл Дәшті Қыпшақ ардақтайтын, қазағы үшін қайғылы жырауды өзі шығып қарсы алмақ болды. Жәнібек нөкерлерін ертіп, Ордадан шығып есік алдында сәл кідірді. Өзеннің арғы бетіндегі ауылға қарады. Түйсік қабақты ханның сұрғылт сынық жүзінде кенет бір күлімсірегендей шырай елең берді. Шынында да ауылдың кешкі суреті адамның көңілін көтерерліктей орасан сұлу еді. Жәнібек енді осыншама жан тербетер сұлу суретке көз салып рахаттанбай, бағанадан бері Орда ішінде отыра бергеніне өкінді. «Дүние деген міне осы, мұның хан екенінде де, халқының қамын ойлап күні бойы Ордадан шықпағанымен де ісі жоқ, өз қызығымен, қуанышымен өте береді». Дәл осы кезде ақ боз жүйрік мінген бала жігіт бағанадан бері ұстамақ асауын хан тұсындағы өзеннің жағасымен жанастыра қуып, алдындағы асау жалт бұрылып алдынан өте берем дегенде, қолындағы құрығын мойнына жып еткізіп сала қойды. Асау, бала жігітті атматымен сүйрей жөнелді. Бірақ жігіт жібермеді. Үзеңгісін шірене арт жағына қарай қисая, қолындағы құрығын қос қолдап бұрай тартып жанаса жабысып келеді. Күндікке шапқан жүйрік шаршады ма, әлде мойнына түскен құрықтың қыл арқаны батты ма, екі бүйірін солқылдата демін алып, үстінен тері көпсіп бұрқырап, қамыс құлағын қайшылай теңселе барып тоқтады. Құрықшының қимылына риза болған хан «Жігітім-ақ екенсің! Кімнің баласы екен өзі?» деді. Хан сұрағына жауап тапқалы бір нөкері ауыл сыртындағы сайдағы атына жөнелді. Жәнібек енді хан Ордасына қарай беттеген Асан Қайғы тобына қарсы жүрді. Ханнан бұрын, қайғылы жырауды қошеметпен қарт Қотан мен Қазтуған қарсы алған. Асанды екеуі екі жағынан қолтықтап, топ адамды соңдарынан ертіп келе жатыр екен. Жәнібек хан нөкерлерімен таяу келіп, қол қусырып иіліп сәлем берді.
