Заговоренный меч (на каз.яз.)
Заговоренный меч (на каз.яз.) читать книгу онлайн
Внимание! Книга может содержать контент только для совершеннолетних. Для несовершеннолетних чтение данного контента СТРОГО ЗАПРЕЩЕНО! Если в книге присутствует наличие пропаганды ЛГБТ и другого, запрещенного контента - просьба написать на почту [email protected] для удаления материала
Темірдің «мүйізі шаңырақтай Әбілқайыр ханның кей батырлары Еділ, Жайықты көрген. Одан не ұтты?» деп кекетіп жатқаны да Қара Оспанның осы сәтсіз жорығы еді. Қара Оспанның: «Атыңның жүйріктігіне тым сене берме! Байқа, Темір би, Жәнібек ханның құрығы Әбілқайырдікінен ұзын болып жүрмесін!» дегені Темір биге «Әбілқайырдан қашып құтылғаныңдай, Жәнібектен қашып құтыла алмайсың» деп күні бұрын сес көрсетуі еді.
Темір би бұл ызғарды жақсы сезінді. Сөйтсе де өркөкірек кер мінезге салып оп-оңай жеңіле қалғысы келмеді. «Талас әлі біткен жоқ» деген ишарат көрсетіп, алдындағы қамшыны бір қозғап қойды.
— Әбілқайыр ханның кезінде Үйсіннің аты қуғанына жете алмайтын арық еді, енді хан Жәнібектің тұсында жал бітейін дегені ғой.
Темір бидің удай ащы тілі Қара Оспанның өңменінен өтіп кетті. «Бұнысы Әбілқайырға қызмет істеп ештеңе өндіре алмап едің, Үйсін, енді Жәнібекке жағынып құтырып отырсың дегені ғой!»
Қара Оспан шарт жүгініп отыра қалды. Қамшысын қозғауды да ұмытып кетті.
— әй, сен не малтаңды езіп отырсың. Маңғыт! Елінің ойын айтар Алшыннан бір ұл тумағаны ма?
Мұнысы Темір биге «сенің бабаң Едіге Көк Ордадағы Маңғыт руынан шыққан, Алшынның жоғын жоқтайтын сенің құқың жоқ» дегені.
Жәнібек қабағын түйіп тұнжырай қалды. «Сөз жоқ, Темір би өз үстемдігінен айырылып, Жәнібекке Алшын руларын қосқысы келмейді. Күшің асып басып алмасаң, жуытпайды. Ел болып бір ханға бағынудан, өз қарамағындағы жұртты өзі билеп, ақ дегенін алғыс, қара дегенін қарғыс еткізіп отыру — Темір бидің арманы. Бұл біздің ең осал жеріміз. Әсіресе, алыста жатқан рулар ырқымызға оңай көнбейді, сондықтан да ананы, мынаны сылтау етіп Темір би де бірігуге қарсы ірткі салып отыр. Біріккің келмесе «құдай алдыңнан жарылқасын!» деп қуып шықсам ба екен? Жоқ, өйтуге болмайды. Қайткен күнде де Алшынның бүгінгі күні ауа жайылғаны жөн емес. Бұлар көнбей қалса, сынықтан бөтеннің бәрі жұғады, өзге рулар да олардан үлгі алуы мүмкін. Дауды ақылға салып сабырлылықпен шешкен абзал».
Кенет ол басын көтеріп алды. Темірге тесіле қарады.
— Бабаң Едіге бүкіл Алтын Орданың тағдырын ойлап еді. Сен бір Ноғайлылықтан аса алмай отырсың. Алшын елін қарамағыңнан шығаруға жоқсың… Бірақ соныңа Алшын көне қояр ма екен? Өз тағдырын өзі шешкісі келсе, жолын табар. Алшын қайда болады, оны болашақ көрсетер. Жә, менің айтайын дегенім бұл емес. Басқа. Біздің жауымыз сен емессің — Әбілқайыр! Атаң Қазыны бауыздаған сол Әбілқайырмен соғысуға келесі жаз бес сан жауынгер бересің бе?
— Беремін!
— Қалғанын кезінде көрерміз.
Темір би Жәнібектің бұл салмақты айтқан сөзінің ар жағында қандай зіл жатқанын жақсы ұқты.
Бойын кенет бір қауіп билеп кетті. «Иә, Жәнібек хан түбі дегеніне жетпей тоқтамайды. Сонда не болғаны, бар қазақты билемек те, біз бұның құлы болмақпыз ба? Жоқ, Жәнібек, ол ойыңның сәті келмес. Қарамағымыздағы елді біз де оп-оңай бере қоймаспыз. Саған үлкен хандық керек болса, бізге кіші хандық керек! әлі алдымызда талай шайқас та, айқас та болар!».
Дәл осы кезде күншығыс жақтан құйындата шапқан салт атты көрінді. Жұрт елегізе со жаққа қарады. Сөйткенше болған жоқ, қара терге малынған, сүліктей жаралған астындағы баран жүйрігін Нұра етегінде отырған Жәнібек тобына тікелей салған шапқыншы жігіттің «Аттан! Аттан! Жау келіп қалды!» — деген айқайы шықты. Отырғандар орындарынан үрпиісіп түрегелді.
— Қайдағы жау?!
— Кім келіп қалды?!
Шапқыншы — ұзын бойлы, мұрты жаңа тебіндеп келе жатқан, қара торы бала жігіт, ентелей шауып келіп, астындағы атын әзер тоқтатты. Екі бүйірінен демін алып:
— Тақсыр хан, — деді, — Көк Жыңғыл тұсынан қалың әскер көрінді. Беті осы Нұраның Қаратұзы. Басқарып келе жатқан Әбілқайырдың үлкен ұлы Шайх-Хайдар мен Қарашың баһадур. Мінгендері кілең ақалтеке, текежаумыт. Бастарындағы сеңсең бөріктері қазандай, мойындарында кілең көк темір алдаспан, қолдарында көк темір найза. Мұздай қаруланған, түстері де суық, жүрістері де суыт. Бие сауымындай мезгілде бұл араға да жетіп қалар.
Жәнібектің түрі де, даусы да өзгерген жоқ, әдеттегі байсалды қалпымен:
— Шамасы қанша адам екен? — деді.
— Мың қаралы.
— Көк Жыңғылдың арғы қабағында Керей мен Найманның түйелі қолы бар емес пе еді, төтеп бере алмады ма екен? әлде аналар аңғармай қалды ма?
— Сөйткен тәрізді. Бұлар Көк Жыңғылдың теріскей жағындағы құм арасындағы қоба жолмен өтіп кеткендей. Найман мен Керейдің қалқаны күнгейлеу жатыр.
— Оларға хабар бердіңдер ме?
— Менің серігім соларға шапты.
Жәнібек Ордасындағы өзіне тән адамдарынан «Күзтоқсанның басында қазақ руларының басшылары жиналып, бас қосып, бір ханға бағынып, әскер жинап, Түркістанды басып алмақ болып жатыр» деген хабарды естіген Әбілқайыр хан. Қазақ рулары бас қосатын кезде, бір түнде тек өзіне ғана бағынатын, кілең шаш ал десе, бас алатын қырағы сұлжық Түрікмен, Барлас, Маңғыт руларынан құрылған он сан жігітін, бастығы үлкен баласы Шайх-Хайдар мен ең сенімді, ер жүрек батыры Дарвиш-Хусаин Қарашыңды Нұраның Қаратұзына аттандырған. Тек түрікмен ақалтекесі мен текежаумыт аттары ғана өте алатын құмды жолдармен дабырсыз барып «Жәнібек ханның күлін көкке ұшырып, кеңесін шап» деген.
Қазақ ру бастықтары хан кеңесіне жиналып жатқанын естісе, жауларының бос қалмайтынынан Жәнібек те күдіктенген. Сол себепті Нұра қатқылының төрт жағынан елу шақырымдай жерде мың жауынгерден шепқалған құрған. Шағын жауға бұл төтеп бере алатын күш.
Нұраның қатқылына Көкшіл теңіз жағынан келетін жолда құдықтардан бөтен мал суаратын жер болмаған соң Найман мен Керей жігіттерін әдейі шөлге шыдамды, ұрысқа жарайтын қос өркешті желмаяларға мінгізген. Найман, Керей жігіттеріне о кезде түйеге мініп жауға шығу үйреншікті әдет.
Жәнібек бұл әскерлерін, кеңес болар жерден әдейі тысқары орналастырды. Алда-жалда жау келіп қалар болса, майданды алғашқы үлкен хан кеңесінің үстінен ашқысы келмеді. Жігіттерінің жауды жол-жөнекей, оңашада қарсы алғанын жөн көрді. Бірақ Әбілқайыр Шайх-Хайдар мен Қарашыңға: «шамаларың келсе жолдарыңды тосқауылдап жатқан әскерлерден (тосқауыл әскер болатынына ол шек келтірмеген) жансыз өтуге тырысыңдар. Содан кейін хан кеңесін ойламаған жерден барып шабыңдар. Бірде бір бас көтерер адамы қалмасын, бассыз ел қайда барар екен!» деген.
Осындай жарлық алған Шайх-Хайдар мен Қарашың қалың құм мен тақырдың арасынан басқа жол тауып, Найман мен Керей жігіттері күтіп жатқан тұсқа соқпай, Нұра Қаратұзына тікелей өтіп кеткен.
Хан кеңесіне төнген қатер өте зор еді. Әбілқайырдың бұл «хан әскері» шынында да тек кілең жанынан безген, дені Византия, Египетті талай шапқан атақты батыр тұқым сұлжық түрікмендерінің ұрпақтарынан құрылатын-ды. Қазандай-қазандай бастарындағы сең-сең бөріктерін селкілдете, қолдарындағы көк найзаларын күнге ойната, жау шебіне садақ оғы жетер жерге жеткенше жұбын бұзбай, кіші-гірім тайлақтай астарындағы текежаумыт, ақалтеке сәйгүліктерін желе шоқытып, жауар бұлттай тұтаса келе жатқанда қандай жау жүрек әскер болса да бір әбігерленіп қалатыны айдан анық. «Хан лашкерлері» тұтқын алуды білмейтін, жауласқан елін кәрі-жасына қарамай тып-типыл етіп қайтуға құмар. Әбілқайыр хан бұларды өзге әскерінен ерекше ұстайтын. Жорықта олжа еткен қыз-келіншектеріне, талаған мүлік-қазыналарына қол сұқпайтын. Ортақ олжа деп хан тұқымдарының бөлісіне салдырмайтын. Осындай еркіндіктің арқасында бұлардың көбінде жеті-сегіз қатыннан болатын және әбден байып та алған жауынгерлер. Өздеріне тиетін мұндай пайданы білген соң, әбден қанға құнығып кеткен бұл жан аларлар ұрыста шегінуді білмейтін, жан аямай соғысатын.
Хан кеңесін шабуға келе жатқан міне, осы әскер еді. Бұл хабарды естіген қазақтың Қобыланды, Қамбар, Қара Оспан секілді аты шулы батырлары үстеріне сауыттарын киіп, қамыс құлақ, бөкен сан, жал-құйрығы жерге төгілген тұлпарларын ойнатып, өзгелерден сытылып шыға берді.
әсіресе бұлардың көзге түсері батыр Қобыланды мен астында есік пен төрдей қара сирақ тұлпары бар Жәнібектің екінші баласы Қамбар болатын. Қобыланды бұл кезде алпысқа таяп қалса да, Қазанға аттанғандағы қара шоқпарын әлі де бір қолымен ұршықтай үйіреді. Ал Қамбар батыр құдыққа құлаған нар түйені қос өркешінен ұстап суырып алатын алып күш. Екі иығына екі кісі мінгендей құлаш жауырын, бура сан, тартылуға дайын тұрған садақтай, дене құрылысынан күш иесі екені бірден сезіледі. Бұл Жәнібек Ордасының жауына жібергелі қайраған болат жебесі, кеудесінде жүрек емес, қатып қалған мүйіз бар тәрізді, бала жастан қорқудың не екенін білмеген жалын жан. Он сегізге шыққанда арлан жолбарыспен жекпе-жек алысып, құр қолымен ұрып алған. Әке балаға сыншыл, Жәнібек бұл баласының батырларға біткен мінез-құлқын ертеден сезіп, үнемі оны соғыс ісіне үйретуде болатын. Өзге ұлдарына әдемі киім, салтанатты ертұрман істетсе, бұған арнап найза, жақ, алдаспан жасататын. Осындай батырлығына қарамай, Қамбар Жәнібектің басқа балаларынан гөрі анағұрлым кең пейіл, іздегені ерлік.
