Заговоренный меч (на каз.яз.)

На нашем литературном портале можно бесплатно читать книгу Заговоренный меч (на каз.яз.), Есенберлин Ильяс-- . Жанр: Историческая проза. Онлайн библиотека дает возможность прочитать весь текст и даже без регистрации и СМС подтверждения на нашем литературном портале bazaknig.info.
Заговоренный меч (на каз.яз.)
Название: Заговоренный меч (на каз.яз.)
Дата добавления: 15 январь 2020
Количество просмотров: 444
Читать онлайн

Заговоренный меч (на каз.яз.) читать книгу онлайн

Заговоренный меч (на каз.яз.) - читать бесплатно онлайн , автор Есенберлин Ильяс
Первая книга трилогии «Кочевники» казахского писателя Ильяса Есенберлина. Это — широкое эпическое полотно, воссоздающее историю казахского народа, начиная с XV века и кончая серединой девятнадцатого столетия.

Внимание! Книга может содержать контент только для совершеннолетних. Для несовершеннолетних чтение данного контента СТРОГО ЗАПРЕЩЕНО! Если в книге присутствует наличие пропаганды ЛГБТ и другого, запрещенного контента - просьба написать на почту [email protected] для удаления материала

1 ... 18 19 20 21 22 23 24 25 26 ... 74 ВПЕРЕД
Перейти на страницу:

Сүрме қасты, аққудай аппақ, отыз беске, келіп қалса да, әлі де шаңқай түстей жарқыраған сұлу Рабиу-Сұлтан-Бегім:

— Үш күрең бәйгеден келсе бірге келеді, қалса бірге қалады, — деген, қарақаттай мөлдіреген үлкен бота көздерін найзадай ұзын кірпіктерінің астынан хан тағындағы еріне жаудырата қадай, — тізбектеліп ұшқан қоңыр қаздай үшеуінің қатар келгені жарасымды. Бірақ бұ жолы бәйгеге салудың реті қалай болар екен, ортаншысының аяғына жем түсіп, ақсап жүр. Қабылбай сынықшы кеше қарап кетті.

— Олай болса, бұл жолы қоя тұрайық, — дей салған хан.

Батыр Саян жанындағы екі күзетшімен Сығанақ жаққа, дәл сол күні қораға әкелінген осы үш күреңмен қашқан. «Бақытты жігіт жалғыз ғана ханның жас бәйбішесін құшып қоймапты, әрқайсысы бір рудың жылқысына татитын үш сәйгүлік жүйрігін мініп кетіпті! Қандай қорлық, ханның намысын аяққа таптар қылық!» Сыбырлағанды құдай естімей ме, құдай құлағына жетер сөзді, жұрт қалай сақтанып сыбырласа да хан құлағына да жеткен. Әбілқайыр жұрт өсегін ойына алса болғаны, шиырқап шабатын бурадай қаһарлана түседі. «Рабиу сұлу мен батыр Саян арасындағы баяғы жел сөз бен үш күреңнің ауылда қалуы… Үш күреңді үш кісінің мініп кетуі — бәрі бір түйін» дейді хан ішінен және бас уәзірі Бақты-Қожа арқылы үш күреңді той алдында Қабылбай дәруіштің көрмегені анықталған. Сірә, ханым берген сыйлыққа қызыққан болуы керек, Қабылбайдың өзі үш күреңді қарағам депті, ал оның бірге еріп жүрген шәкірттері сынықшының бұл күндерде тіпті Орда-Базарда болмағанын айтыпты. Ханда «Бақты-Қожа уәзірі бір жаман оймен шындықты бұрмалап жүр ме, әлде сынықшы шәкірттерінің арасында күншілдік боп, Қабылбай қарттың сөзін әдейі бұрған жоқ па екен» деген ой болмаған-ды.

Онсыз да жүрегіне тұнып жүрген бұл сөздер ханды өзінің тұңғиығына батыра берген. Әбілқайырдың көкірегін Рабиу-Сұлтан-Бегімге деген өшпенділік уы жайлаған. Көзіне шөп салған, арын, намысын қорлаған жігітпен арасындағы қаңқу сөзді былай қойғанда, бүкіл елге әйгілі үш жүйрігіне мінгізіп, оны ажалдан құтқарып жіберген ерке бәйбішесінен енді хан Ақсақ Темір тұқымына дақ салардай өш алуды ойлаған. Өш алуға келгенде Әбілқайыр, қайын атасының кеше бүкіл әлемді тітіреткен аруағынан да, оның ұрпақтары билеп отырған елдердің қаһарынан да қорықпаған. Рабиу-Сұлтан-Бегім Ақсақ Темір немересі болса, мен ұлы Шыңғысханның әулетімін деген. Бұл ашудың үстіне Рабиу-Сұлтан-Бегімнің тағы бір қылмысты қылығы жамалған-ды. Тағы сол Бақты-Қожа уәзірдің айтуы бойынша, батыр Саянның жанына күзетке Арғын жігіттерін қойдырған ханның сүйікті кіші бәйбішесі Рабиу-Сұлтан-Бегімнің өзі болып шықты. «Күзет бастығын да сатып алған секілді. Және жоғарғы мәртебелі ханымның Арғын билерімен де байланысы бар тәрізді» деген сол баяғы Бақты-Қожа уәзір. Арғын билерімен байланысы бар деген сөз — ата жауы, бақ күндестері өздерін Арғын сұлтандары санап жүрген Жәнібек, Керейлермен тілегі бір деген сөз. «Бұдан артық ханымда қандай күнә болуы керек? Мұндай күнә опасыз әйелі түгіл, пейіштегі қор қызын да дарға асуға жеткілікті емес пе! Бірақ дарға асу аз жаза! Оған бүкіл төркінін, атақты Ақсақ Темірдің ұрпағын бар әлем алдында қарабет ететін жаза қолдану мың да бір сауап!» Хан қабағын қарс жауып алтын мен күміске бөленген кең сарайын тағы кезе бастады.

Бірақ Ұлы ғалым Ұлықбектің қызы Рабиу-Сұлтан-Бегім Әбілқайыр мен оның уәзірі ойлаған қылмыстардан мүлдем ада еді. Мұндай күнәға қасиетті ата-анасынан алған үлгі-ілім, тәрбиесі де, өзінің мөлдір бұлақтай кірсіз таза жан сезімі де оны еш уақытта да жуытпас болар. Батыр Саянды Сүйіншікке аталық етуге тырысқаны да, басына ажал қылышы төнген сәтте жігіттің құтылып кетуіне жәрдем бергені де рас. Бірақ бұлардың бәрі де басқа мүдделерден туған-ды.

Хан кенет тоқтай қалды. «Рабиу-Сұлтан-Бегім сұлудың қаны дәл осылай төгілсе, бұдан сауапты жаза бар ма? Атасы Ақсақ Темірдің әділетті заңы енді өзінің немере қызының басын алсын. Кек сөйтсе ғана қайтады!» Әбілқайыр бүгінге алғашқы рет езу тартты.

Қазақ жеріне келген шапқыншылардың Шыңғысхан мен Батудан кейінгі «қылмыстыларға деген заң-ережесі» қанқұйлы қатты болғаны Ақсақ Темірдікі еді.

Солардың ішінде әсіресе «Ана алдында қылмысты балаға, бала алдында күнәлі анаға» деген жаза тәртібі ерекше сойқан болатын.

Бала алдындағы күнәлі ананың жазасын баласы айтуы керек. Іштен жарып шыққан, ақ сүтін емізген, бауыр етіндей тәтті баласы айтқан жазадан ауыр, одан артық жанына батар үкім бар ма? әсіресе, егер ана бала алдында жазықсыз боп, тек оны қанішер жаулары ұйымдастырса бұдан асқан қиянат табылар ма?

Аяулы анаға, тіпті күнәсі болған күнде де, сол баланы өмірге әкелген, «құлыным» деп түн ұйқысын төрт бөліп аялай сүйген сорлы анаға, дәл мұндай сұмдық жазаны Ақсақ Темір қалай шығарған? Көреген [29] деген атақты оған неге берген?

Әбілқайыр дәл бұл сәтте қатал әмір-Темірдің шығарған жазасының қиянаттық жағын ойлаған жоқ, ол тек кегінің қайтуын ғана көздеді. «Анасының күнәсіне көзі жеткен баласы Сүйіншік өзі айтады Рабиу-Сұлтан-Бегімге өлім жазасын. Өзі болып бірінші тас атады… Содан кейін діншіл, қанішер мүрит, мүзәйімдер қарабет ханымды «лағнет» тасымен шөкелеп өлтіреді. Сонда ғана Рабиу-Сұлтан-Бегімнен қату боп байланған кегім қайтады. Жоқ, жалғыз ғана Рабиу сұлудан емес, сондай қыз тәрбиелеген бүкіл Ақсақ Темір әулеті қара жүз болады. Ақсақ Темір әулеті! Сол әулетке жиендік жағынан менің сүйікті ұлым Сүйіншіктің өзі де жатпай ма?

Жатса мейлі! Шайбани тұқымы таза болу үшін, бұл арада таспейілдік жөн. Бастан құлақ садаға! Иә Рабиу-Сұлтан-Бегім осылай өлуге тиісті! Бұлай өлу тек әмір-Темірдің заңына ғана емес Мұхаммед пайғамбардың да шариғатына дәлме-дәл… Туған анасын Сүйіншік сұлтан осылай жазаласа, осылай өлтірсе, түбі Сүйіншік сұлтан Көк Ордаға ие бола қалса, мәңгі-бақи нағашы жұртының ықпалынан кетеді. Алдағы уақытта олардан мүлдем алыстайды. Шайбани әулетінің Өзбек ордасындағы өмірі осылай таза сақталуы керек. Ал туған анасына мұндай жаза айтуға Сүйіншік көнбесе? Онда Күшкінші сұлтан бар емес пе? Жоқ, Сүйіншіктің үкімімен өлуі керек! Сүйіншік жалғыз менің ғана емес, Рабиу-Сұлтан-Бегімнің де ең жақсы көрер кенжесі! Жақсы көрер адамның сілтеген таяғы жау таяғынан анағұрлым ауыр тиеді».

Әбілқайыр күміс қоңырауды қақты. Батыр Саяннан айрылып қалғаны үшін хан үкімін күтіп Оспан-Қожа дәйекші зынданында жатқан. Үйге Бақты-Қожа уәзірдің өзі кірді.

Хан есік алдында әмір күтіп тұрған уәзірді жоғары жақтағы кілемнің үстіне апарып отырғызды. Әбілқайыр енді бүкіл Дәшті Қыпшақтың әміршісі емес, түнде үй тонауға шыққан ұрыдай сыбырлай сөйледі. Бақты-Қожа уәзір хан сөзін кейде естіп, кейде естімесе де, оның жұқа ернінің қимылдауынан, көзінде кенет жарқ ете қалған рақымсыз оттан Әбілқайыр ойының бәрін түсінгені көрініп тұр. «Дұрыс, хан ием, дұрыс!» деп кеудесінде тулай жөнелген қуаныш толқынын баса алмай, кенет дауыстап жібере жаздайды да, дер кезінде өзін-өзі әзер ұстап қалады. Жан-жағынан діншіл, есуас топтың таспен шөкелеп жатқан Рабиу сұлудың қан-қан болған суретін бір мезет ол көз алдына елестетеді де, ішінен «Сол керек саған Темірлан қаншығы. Мені уәзір еткізбеймін деп бекер жанталаспаған екенсің, енді айыбыңның есесін өзім қайтарамын» дейді.

— Анасының күнәкар екеніне баласының көзін жеткізу керек. Сөйткен күнде ғана өлім жазасын Сүйіншік сұлтанға айтқызған лауазым, — деп Әбілқайыр хан сыбырлауын тоқтатты.

— Құп, тақсыр, әміріңіз орындалады, — деп уәзір басын иді. Сөйдеді де бұ да сыбырлады. — Рабиу ханым жазасын айттыңыз, ал Ақжол биді қайтеміз? Батыр Саянды қашыруда оның да күнәсі бар…

Күні-түні ақыл-ойын кіші бәйбішесіне деген өшпендік билеп кеткен хан, уәзір сөзін бірден түсінбеді. Ұғып еді, көңілінде үнсіз жатқан күдік кенет шағатын жыландай жиырыла қалды.

Бақты-Қожа бұл сұрақты бекер бергенін артынан ұқты. Көңілге кірген түйткіл, қылаң берген жаумен тең. Ақжол би де бұның бас уәзір болмауына көп ой салған. Бақты-Қожа: «Ақжолға өш екені ханның өзіне аян, содан сескеніп Рабиу-Сұлтан-Бегім ханымға деген ойымның беті ашылып қалмаса нетсін? Рабиу-Сұлтан-Бегімнің де мені бас уәзір еткіздіргісі келмегені өзіне мәлім…» деді ішінен.

1 ... 18 19 20 21 22 23 24 25 26 ... 74 ВПЕРЕД
Перейти на страницу:
Комментариев (0)
название